Коронавируспен күреске 2000-нан аса ЖОО студенті тартылды

Коронавирус пандемиясы еліміздегі медицина саласына сын болғаны анық.

Елдегі маман тапшылығы қазір анық сезіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». Биыл медицина колледждерін 21 мың түлек аяқтады. Олар тәуелсіз емтиханнан сәтті өтіп, денсаулық сақтау министрлігінен тиісті сертификат алды. 

Тоғжан Мырзалиева – елордадағы медициналық колледждің түлегі. Жас маман коронавирус пандемиясы әлем халқын қыспаққа алған тұста еңбек жолын бастады. Мейірбикелерге сұраныс бар. Ол алғашында біраз уақыт инфекциялық емдеу мекемесінде жұмыс істеді. Қазір №2 ауруханада тәжірибе шыңдауда.

Тоғжан Мырзалиева, мейірбике:

– Бізде колледжде бөлу бойынша әр түрлі ауруханаларға бөлінеді. Бізде шектік балға бөлінеді. Кімнің балы жоғары, олар ауруханаға, поликлиникаға жіберіледі. Біз келісім-шарт арқылы алдын ала жұмысқа орналасамыз. Мені №2 ауруханаға жіберді. Үш жыл бойы бізді пациенттермен жұмыс жасауға үйретті. Дәл қазіргі сәтте мен жұмысқа орналасқаныма өте қуаныштымын. Себебі қазіргі қайнап тұрған ортаға түсіп, біз одан әрі тәжірибемізді көбейтеміз деп ойлаймын.

Елімізде 46 мыңнан аса медицина қызметкері қауіпті індетпен күресіп жатыр. Әлі 4 мыңға тарта маман қажет. Әсіресе, инфекционист, пульмонолог, лаборант, фельдшер және мейірбикелер қат. Бірақ кез келген түлекті пациентпен бетпе-бет келтіруге асықпау керек. Алдымен олар ұлттық тәуелсіз емтихан тапсырады. Оның нәтижесінде болашақ маманға сертификат беріледі. Биыл 87 колледждің түлегі аталған сынақтан өтті. Көрсеткіш былтырғыдан жоғары екен.

Олжас Асан, ұлттық тәуелсіз емтихан орталығының бас менеджері:

– Биылғы емтихан онлайн өткізілді. Сынақ тапсырғандардың 95 проценті жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ өзін студентпін деп көрсеткен дәрігерлер де кездесті. Біз оларды бірден анықтадық. Сынақтан сүрінгендер ай соңында тағы тапсырады. Студенттердің көбі оқуының соңғы кезеңін стационарда өткізді. Пандемия өршіген тұста олар жұмыс істеуді бастап кетті деуге болады.

Талдықорғандағы жоғары медициналық колледждің 281 түлегі тәуелсіз емтихан тапсырды. Мұнда 7 мамандық бойынша оқытылады. Бастысы, эпидемиологтар дайындалады. Бірақ сертификат алу оңай емес.

Серік Жансеңгіров, Талдықорған жоғары медициналық колледжінің директоры:

– Эпидемиологтарымыз алғашқы карантин жарияланған кезде блок-бекеттерде тұрып, облыс аумағына кіріп-шыққан жолаушылардың жағдайын бақылады. 50 түлек провизорлық және инфекциялық емханаларда жұмыс істеп жүр. Жұмысқа орналасу үшін түлектер міндетті түрде сертификат алу керек. Бірақ оған карантин кедергі болып тұр. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті құжатты оқу орнына емес, халыққа қызмет көрсету орталығына жібереді. Карантин кезінде оны алу оңай шаруа емес.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 88 анестезиолог, 26 инфекционист, 7 пульмонолог қажет екенін айтты. Биыл коронавируспен күреске 2000-нан аса ЖОО студенті тартылды. Барлығы Гиппократ антына берік екенін осы бастан дәлелдеп жүр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров, Марат Дихамбаев

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/409507-koronaviruspen-k-reske-2000-nan-asa-zhoo-studenti-tartyldy
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz