Білім сапасы туралы

Мемлекет басшысының білім сапасын басты назарда ұстап отырғаны белгілі. Сапалы білім барлық саланың сапалы дамуының бірден-бір кепілі екені сөзсіз. Бұл ретте әсіресе медициналық білім сапасының орны ерекше. Сау-саламатты ұлттан мемлекет құраушы саналы, сапалы адам капиталы - азаматтардың қалыптасатыны аксиома.

ҚХА Аналар кеңесі жұмысының басым бағытының бірі осы ұлт саулығы. Жақында мед.білім ұйымдарын бітірушілерді тәуелсіз сертификациядан өткізіп, біліктілігін растау бойынша депутаттық сауал болғанын білеміз. Бүгінгі түлектердің білім сапасы ертеңгі елдің саулығын түгелдейтінін ескерсек, бітірушілерге талап жоғары болғаны барлығымыз үшін қажет. Осы оймен Назипа Шанаи Ыдырысқызы ҚР Президенті жанындағы әйелдері істері және отбасы-демографиялық саясаты Ұлттық комиссиясы мүшесі ретінде Ұлттық тәуелсіз емтихан Орталығы жұмысымен танысты.

Посткеңістік елдері арасында аналогы жоқ халықаралық лицензиясы бар, ұлттық аккредитациядан өткен Орталықтың заманауи жабдықталуы - дәрігерлік қателіктердің алдын-алуға дайындайтын симмуляциялық орталығы, арнайы тестология кабинеттері, тест тапсырушының тесттен өту барысындағы барлық әрекеттерін жазып отыратын бақылау камералары, бастысы профессуралық деңгейдегі мықты мамандар мен жас ІТ мамандардан құралған тұрақты командасы бар. Орталықтың медициналық білім сапасын бақылау талаптары аса жоғары екені байқалады.

Бүгінде күн тәртібінен түспей тұрған медицина саласындағы сапалы маман мәселесі түйінін шешуде ұсынары көп Орталықпен ҚР ДСМ тығыз байланыста жұмыс жасап отырғаны туралы Орталық басшысы ақпарат берді. Дегенмен, Орталық әлеуетін әлі толық пайдаланбай отырғанын байқадық. Көрші елдер қызмет алып отырған, сыртта сұранысқа ие Орталықтың ғылыми-тәжірибелік мүмкіндіктерін көріп, медицина саласы қызметкерлерінің үздіксіз білім көтеру, заманауи жаңа технологияларды меңгеру үдерісіне қосар үлесі зор екенін ұқтық. Орталық мамандарының көзіндегі ұшқынды үрлесе команда бұрынғысынан да үлкен жұмыстар атқаруға сақадай сай.

Қолда барды қадірлеу қай кезде де жақсы нәтиже береді. Орталық мүмкіндіктері, әлеуеті, ұтымды ұсыныстары толық тыңдалып, ел мүддесіне қызмет етуіне қолдау болса - мемлекет басшысы айтқан білім сапасына бір табан жақындар едік.

Аналар жүрген жер сол - жол ашыла береді.

Аналар кеңесі қоғамдағы қонымды ойларды құзырлы органдарға жеткізуде алтын көпір болуды мақсат тұтқан. Халықтың үдесінен шығып, елдің саулығы мен саламаты жолында үнімізді үкімет адамдарына жеткізіп, үлес қоса алсақ - бір жұмыстың біткені.

P/S Айтқандай, біз келіп кеткен соң 11 қазанда ҰТЕО-да ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ж.К. Бүркітбаев, ҚР ДСМ ҒАРД, ҚР ДСМ МФБК, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ, «Астана қаласы бойынша Денсаулық сақтау ұлттық палатасы» өкілдері келіп, денсаулық сақтау мамандарын (жеке тұлғаларды) лицензиялауды енгізу және денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау жүйесін трансформациялау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізіпті.

Дереккөз Баян Ахатай